Президент Ахмет Байтұрсынұлы ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты
Президент Ахмет Байтұрсынұлы ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты https://t.co/SunXV7wLmC pic.twitter.com/VfcYTtd7rn
— President Kassym-Jomart Tokayev’s Press Office (@AkordaPress) November 16, 2022
Жаңалықтар
Жұмыс сапарлары
Президент Ахмет Байтұрсынұлы ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты
2022 жылғы
Алматы қаласы
Мемлекет басшысы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне барды.
Президент, алдымен, музейдің «Ұлттық рухтың ұлы тіні», «Қазақ санасының шамшырағы» және «А.Байтұрсынұлының жұмыс кабинеті» залдарындағы жәдігерлермен танысты. Мұнда ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық экспонат жинақталған.
Ахмет Байтұрсынұлы бұл үйде қызы Шолпанның отбасымен бірге 1934-1937 жылдары тұрған. Музей-үйі 1998 жылы Алаш қайраткерінің 125 жылдық мерейтойында салтанатты түрде ашылды.
Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткішті ашты. Іс-шараға ақынның туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы ескерткіштің ашылу рәсіміне жиналғандар алдында сөз сөйлеп, тұлғаның ұлт тарихындағы рөлі жоғары екенін айтты.
– Жұртына пайдасы тиетін жұмыстың бәріне Ахаң үлес қосқан. Тіпті, бірқатар саланы өзі бастап берген. Ол қазақтың төл әліпбиін жасады, алғашқы әліппемізді құрастырды. Сондай-ақ оқулық жазып, тіл білімінің негізін қалады. «Қазақ» газетін шығарып, баспасөздің дамуына жол ашты. Арада қанша жыл өтсе де, оның рухани мұрасы жұртының игілігіне жарап келеді. Сол себепті жұртымыз оны «Ұлт ұстазы» деп ардақтайды. Ахмет Байтұрсынұлы – ағартушы-ғалым ретінде бүкіл өркениетті әлемге танымал. Ол халқымыздың тағдыры сынға түскен күрделі кезеңде ерекше ұлтжандылық танытты. Еліміз бүтін, жеріміз тұтас болуы үшін өлшеусіз еңбек сіңірді. Қазаққа қызмет ету жолында бар күш-жігерін жұмсады. Ұлт көшбасшысының өмір жолын елді сүюдің жарқын үлгісі деуге болады. Оның ғибратты ғұмыры – өскелең ұрпақ үшін әрдайым өнеге, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Алаш арысының туған жері Торғай өңірінде дүбірлі той өткенін, ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ ұйымдары аясында алқалы жиындар ұйымдастырылғанын атап өтті. Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағы басып шығарылып, таңдамалы еңбектері 4 тілде жарық көрді.
– Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Торғайда Міржақып Дулатұлы екеуіне ескерткіш орнатылып, қос алыптың әдеби музейі толық жаңғыртылды. Былтыр осы Алматыдағы мұражайы мемлекет меншігіне қайтарып алынғанын білесіздер. Енді, міне, қала төрінде сәулетті ескерткіші бой көтерді. Осының бәрі – халқымыздың ұлт ұстазына деген ерекше құрметінің белгісі. Кезінде Мұхтар Әуезов «Ахаңның қазақ баласына істеген еңбегін, өнер, білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайды» деген болатын. Ахмет Байтұрсынұлының ұрпаққа аманат еткен мол мұрасы – қазақтың баға жетпес асыл қазынасы. Бүгінде Ахметтану ғылымына бет бұрып, ғалымның шығармашылығын зерттеп жүрген жастардың қатары көбейіп келеді. Бұл – ұлы тұлғаның ұлағатты жолы ешқашан үзілмейді деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы салтанатты рәсімнен кейін ақынның ұрпақтарымен, зиялы қауым өкілдерімен, сондай-ақ ескерткіш авторлары Айдос Бүркітбаевпен және Тимур Ермұхаметовпен әңгімелесіп, суретке түсті
Кері қайту Кері қайту
kaynak:https://www.akorda.kz/kz/prezident-ahmet-baytursynuly-eskertkishinin-ashylu-rasimine-katysty-161006
Президент Ахмет Байтұрсынұлы ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты https://t.co/SunXV7wLmC pic.twitter.com/VfcYTtd7rn
— President Kassym-Jomart Tokayev’s Press Office (@AkordaPress) November 16, 2022